Xpert MTB/RIF Ultra картридж технологиясы
Тарихи тұрғыдан туберкулезді диагностикалау микроскопия мен дақылдық әдіске негізделген. Алайда соңғы әдіс көп уақытты қажет етеді. Туберкулез ауруын анықтауда молекулалық тестілеудің пайда болуы диагностикада төңкеріс жасады. 2010 жылы ДДҰ туберкулезді және рифампицинге төзімділікті тез анықтау үшін Xpert MTB/RIF (Xpert) талдауын ұсынды, ал 2017 жылдың 24 - наурызында қазіргі Xpert MTB/Rif картридждерін Xpert® MTB/Rif Ultra картридждеріне ауыстыру ұсынылды.
Қазақстан Республикасында Xpert MTB/RIF автоматтандырылған молекулалық - генетикалық экспресс әдісі 2012 жылдан бастап енгізілді және де бұл туберкулезді (ТБ) және дәріге төзімді туберкулезді (ДТ ТБ) ерте анықтауды айтарлықтай жақсартуға ықпал етті. 2023 жылы бүкіл ел бойынша бұрынғы картридждердің орнына жаңа XpertMTB/Rif Ultra картридждері қолданыла бастады.
Бұл әдіс туберкулезді диагностикалауда өте тиімді. Патологиялық материал үлгілерінде (мысалы, қақырықта) туберкулез микобактерияларының өте төмен концентрациясы болса да, аурудың бастапқы түрлерін қысқа мерзімде (1,5 сағат ішінде) анықтауға мүмкіндік береді. Сондай - ақ, оның артықшылықтарына зерттеу жүргізудің қарапайымдылығы және жұмыс бөлмелерін аймақтарға бөлуге қатаң талаптардың болмауы жатады.
https://cf-almaty.kz/kz/zhanaly-tar/1775-xpert-mtb-rif-ultra-kartridzhderi-engizildi.html#sigFreeId3ac92f7f06