2023 жылдың 01 тамыз күні Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары А.Т. Қодасбаев төрағалығымен онлайн отырыс өтіп, онда Алматы қаласы бойынша 2023 жылдың 6 айындағы туберкулезге қарсы көмек көрсетудің қорытындысы тыңдалды. Алматы қаласының ФО директоры Ж.А. Сапиева Алматыда туберкулезбен сырқаттанушылық пен өлім-жітім көрсеткіші орта республикалық көрсеткіштен 33,3%-ға төмен екенін атап өтті.

МСАК-та туберкулезге молекулярлық-генетикалық тестілеуге қолжетімділікті кеңейту үшін қаланың 3 емханасына (Түрксіб ауданындағы №24 ҚЕ, Наурызбай ауданындағы №36 ҚЕ және№7 ҚЕ Бостандық ауданы) Xpert MTB Rif құрылғылары (Джин-эксперт) орнатылды.

Ағымдағы жылдың 6 айында туберкулезбен ауырғандардың 45,5 пайызы қаладағы 33 емханада, 11,4 пайызы 14 жекеменшік медициналық орталықта, 10,7 пайызы ауруханада, 2,6 пайызы перзентханада анықталған. Жағдайлардың 25,2%-ы ҚР ҰФҒО және ФО өз бетінше жүгіну арқылы анықталған. «Мейірімді жол» ҚҚ ФО қызметкерлері туберкулезбен ауыратындардың 4,4%-ын халықтың негізгі топтарынан анықтады.

Туберкулезбен ауырғандардың 27,8%-ы қауіпті топтағы науқастар (қант диабетімен ауыратындар, В20, босанғаннан кейінгі әйелдер, ішімдік ішетіндер, есірткі тұтынушылар, туберкулезбен ауыратындармен байланыста болғандар).

2023 жылдың бірінші жартыжылдығында туберкулезден 9 адам қайтыс болды, оның ішінде туберкулездің 2 жағдайы қайтыс болғаннан кейін (22,2%), алғашқы 5 күнде 6 науқас қайтыс болды (66,7%), бұл туберкулез дер кезінде анықталмағанын көрсетеді.

Жанар Әділханқызы келушілердің назарын денсаулық сақтау бағдарламаларының, оның ішінде туберкулезге қарсы ұлттық бағдарламаның тиімділігі МСАК-тың тиімді жұмысын ұйымдастыруға байланысты екеніне аударып, барлық МСАК басшыларын туберкулезге қарсы қырағылықты арттыруға, жоғары медициналық шаралар жүргізуге шақырды, жоғары қауіп тобындағы адамдарға баса назар аудара отырып, сапалы скринингтер; үйме-үй аралауды жүйелі түрде өткізу; туберкулездің профилактикалық емімен қамтуды арттыруды ұсынды.

Емдеуді ұстануды арттыру мақсатында амбулаторлық ем қабылдап жатқан науқастарға қалалық бюджеттен және ҮЕҰ тарапынан әлеуметтік қолдау көрсетілуде. Мәселен, есепті кезеңде «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» 690 туберкулезбен ауыратын науқастың карт-шотына 104,7 млн.теңгеден астам қаржы аударған. «Мейірімді жол» ҚҚ 25 науқасқа 750 мың теңге, «Көп бірлескен дауыс» ҮЕҰ – 15 туберкулезбен ауыратын науқасқа 1 251 000 теңгеге жол жүру билеттері, азық-түлік пакеттері және ақшалай төлемдер түрінде әлеуметтік қолдау көрсетілді; ЖОО ректорлары – 2 874 000 теңге сомасына 12 студентке көмек қолын созды.

Сонымен қатар Жанар Әділханқызы алдағы уақытта да жоспарлы түрде жүзеге асырылатын туберкулезге қарсы шаралар кешеніне де тоқталды.