5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдері күні. Бұл күн - қазақтың тағдыры мен тілі үшін саналы ғұмырын сарп еткен Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Ахмет Байтұрсынұлы - ұлт ұстазы, қазақ әліпбиінің негізін салған ғалым, қазақ тілінде кездесетін әріп, дыбыс, зат есім, буын секілді терминдердің 90 пайызын айналымға енгізген тіл жанашыры. Ахмет Байтұрсынұлы «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген екен. Яғни, тілден өзге ешбір ерекшелік ұлтты ұлт ретінде сақтап қала алмайды. Тіл - мәңгілік құндылық. Тіл - халықтың қазынасы, ұлттың мұрасы.
Б. Момышұлы атамыз «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту - бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» - деген болатын. Сондықтан туған тіліміздің абыройын асқақтату - әрбір азаматтың борышы.
Тіл - достықтың алтын көпірі. «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген екен атам қазақ. Қанша тіл білсек те өзіміздің ана тіліміздің дәрежесін олардан биік қоюымыз керек. Олай болса, тілді құрметтеуді өзімізден бастайық. Тіліміздің мерейі асқақ, мейірімі үстем болсын!
https://cf-almaty.kz/kz/zhanaly-tar/1769-tilder-k-ni-ana-tilin-ly-tau.html#sigFreeIdc26eea67ad