МСАК ұйымдары - медициналық көмек алуға арналған "кіру қақпасы" сияқты. Олар пациенттің денсаулық сақтау жүйесімен байланысының бірінші және маңызды орны болып табылады. Сондықтан жалпы тәжірибе дәрігерлерінің, учаскелік дәрігерлердің, педиатрлардың және МСАК ұйымдарының басқа да мамандарының туберкулезге қатысты сақтығын арттыру мақсатында туберкулездің алдын алу, ерте анықтау және емдеу мәселелері бойынша тренингтер өткізілуде. Бұл тренингтер Алматы қаласында Фтизиопульмонологиялық қызметті дамыту бойынша 2023 - 2024 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру аясында жоспарланып, өткізілуде. 2024 жылғы 27 - ақпанда Түрксіб және Наурызбай аудандарының МСАК ұйымдарының мамандарына арнап Фтизиопульмонология орталығының дәрігер - фтизиатрлары Джазыбекова П.М. және Садықова Г.М. тренинг өткізді. ПТР диагностикасын қолдана отырып, туберкулезді диагностикалау алгоритміне, жоғары қауіпті топтар арасында ФГ скринингтерін жүргізуге, балалар арасында туберкулез ауруын анықтау әдістеріне баса назар аударылды. Бақыланатын емдеу, туберкулезге қарсы дәрілердің жағымсыз әсерлерінің құбылыстарын алдын алу және емдеу, туберкулез инфекциясын профилактикалық емдеу, медициналық ақпараттық жүйелерде ТБ қатысты жұмыс, халықпен ақпараттық - білім беру жұмыстарын жүргізу үшін гаджеттердің мүмкіндіктерін пайдалану мәселелері талқыланды. Бұл тренингтер туберкулезге қарсы сақтықты арттыруға, туберкулезді уақтылы анықтауға, тиімді емдеуге, туберкулезбен ауыратын науқастарда стигма мен кемсітушілікті төмендетуге ықпал етеді деп үміттенеміз.