Бақылау және бағалау бөлімінің жетекшісі Әуезова С.Н. қатысушыларға туберкулез ауруы туралы, оның негізгі белгілері, ауруды анықтау әдістері мен алдын алу шаралары туралы ақпарат берді.
Туберкулез ауруының негізгі белгілері: ұзақ, 2 аптадан астам уақыт бойы жөтел, әлсіздік, тез шаршағыштық, дене қызуының көтерілуі, әдетте кешкі уақытта, тәбеттің төмеендеуі, салмақ тастап, жүдеу, кеуде қуысындағы ауыру сезімі, қан түкіру. Осы аталған белгілердің біреуі немесе бірнешеуі байқалса, жедел түрде дәрігерге барып, туберкулез ауруына тексерілген абзал.
Қазіргі таңда елімізде, соның ішінде Алматы қаласында, туберкулез ауруын қақырық сараптамасы арқылы 2 сағат ішінде анықтайтын, сонымен қатар, туберкулез ауруының қоздырғышы анықталған жағдайда оның туберкулезге қарсы қолданылатын негізгі дәрілерге сезімталдығын анықтайтын ПТР-аппараттарына қол жетімді. Медицина мекемесіне барып қаралғанда туберкулез ауруына күдік болса, сізден қақырық анализін тапсыруды өтінеді. Сонымен қатар, өкпе туберкулезін анықтау үшін рентген, томограмма, компьютерлі томограмма сияқты қосымша әдістер де қолданылады.
Туберкулездің алдын алып, одан сақтану үшін салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден (темекі шегу, насыбай ату, арақ-шарапты мөлшерден тыс ішу, нашақорлықтан) бас тарту, денсаулықты сақтап, ағзаның қорғаныс күшін жоғарлату керек. Сонымен қатар, дұрыс тамақтану керек, өз бөлмелеріңізді, жұмыс орындарыңызды жиі-жиі желдетіп отырған да жөн. Жөтел әдебін сақтап, көрінген жерге түкірмей, ауру белгілері пайда болса бірден дәрігерге қаралу да аурудың әрі қарай таралуының алдын алады. Бұл туберкулездің бейспецификалық алдын алу түрлері. Ал арнайы (спецификалық) алдын алуға БЦЖ-вакцинасын егу, туберкулез инфекциясын профилактикалық емдеу жатады.
Туберкулездің алдын алудың ең басты жолы – ауруға шалдыққан адамдарды ерте анықтап, тиімді емдеу.
Қаламыздың әрбір тұрғыны жоғарыда аталған ақпаратты таратып, өздері осы талаптарды орындайтын болса, бәріміз біріге отырып сүйікті қаламызда туберкулезді тоқтата аламыз!