Туберкулез — қауіпті жұқпалы аурулардың бірі болып қала беруде, себебі ол ауа арқылы жұғады. Туберкулез ең алдымен өкпені зақымдайды, бірақ ол басқа да ағзаларды зақымдауы мүмкін. Аурудың ерекшелігі — ол ұзақ уақыт бойы ешқандай белгілерсіз өтуі мүмкін, ал бұл уақытта адам айналасындағылар үшін жұқпалы болады. Сондықтан туберкулездің алдын алу мен ауруды ерте анықтаудың маңызы зор.

2025 жылғы 29-тамызда фтизиопульмонология орталығының үйлестірушісі Ақбаева Г.Т. И.Жансүгіров атындағы №130 мектеп-гимназиясының мұғалімдеріне «Туберкулездің және туберкулездік инфекцияның алдын алу және анықтау» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Семинарда туберкулезді уақтылы анықтаудың маңыздылығы, атап айтқанда молекулалық-генетикалық әдістер, флюорографиялық скрининг, Манту сынамасы мен Диаскинтестті қолдану мәселелері басты назарға алынды.

Манту сынамасымен салыстырғанда, Диаскинтесттің дәлдігі жоғары, себебі ол тек белсенді туберкулез инфекциясына ғана жауап береді және БЦЖ екпесін алған адамдарда жалған оң нәтиже көрсетпейді.

Туберкулездің алдын алу — тек сынамалар жасаумен шектелмейді. Бұл сондай-ақ жеке гигиена ережелерін сақтау, темекіден бас тарту, дұрыс тамақтану, таза ауада жиі серуендеу және иммунитетті күшейтумен байланысты. Қауіп-қатер тобына жататын адамдар (аурумен байланыста болғандар, созылмалы аурулары барлар, тұрмысы төмен жағдайда өмір сүретіндер) өз денсаулығына ерекше мән беріп, тұрақты түрде тексеруден өтіп, туберкулездік инфекция анықталған жағдайда профилактикалық ем қабылдауы тиіс.

Туберкулездің алдын алу — әрбір адамның және бүкіл қоғамның денсаулығын сақтауға көмектесетін негізгі құрал болып қала береді.

#Туберкулез

#АлдынАлу

#Анықтау