Дәстүрге сай Орталықтың директоры Сәпиева Жанар Әділханқызы жақсы тілек айтып, бата беріп, батаны «Халық гүлдене берсін! Ақ мол болсын! Бұл күн молшылық әкелсін! Бүкіл жамандық пен барлық қара іс жер бетінен жойылсын! Ата-бабамыздың рухы бізге әрдайым қолдау көрсетсін!» деген сөздермен аяқтады.
Қысқы соғымның сүрленген етін қазанға салып, оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш, кеспе, жүгері сияқты жеті түрлі дән, сүзбе мен айран қосып, Наурыз көже дайындалды. Бұл қасиетті тағамды тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы деп ұжым мүшелері тойып ішті.
Орталықтың бөлімшелері қазақтың «Сырға салу», «Қыз ұзату», «Бесікке салу», «Тұсау кесер» сияқты салт-дәстүрлерінен көрініс қойып, ән мен биден шашу шашып, жиналған қауымның көңіл-күйін көтерді. Наурыз мейрамында ұжым мүшелері жақсы бата-тілектер айтып, жылы шырай сезіне бастап, сағынышты көрісулерімен, жалынды құшақтасуларымен жаңа жылды қарсы алды.
Мейрам соңында көрініс қойып, ән шырқап, би билеген, ұлттық киім киіп, тойдың сәнін келтірген ұжым мүшелері Орталықтың кәсіби одағының атынан бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Наурыз мерекесін атап өтуді жоғары деңгейде ұйымдастырған Бактериологиялық зертхананың ұжымына алғысымыз шексіз!!!
Осындай көтеріңкі көңіл жыл бойы болып, жұмысымыз жемісті болсын деген ниетпен Наурыз мейрамын тойлау аяқталды.
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын ағайын!