2022 жылдың 12 айындағы туберкулезге қарсы іс-шараларды іске асыру қорытындылары туралы ақпарат тыңдалды.
Жиынға Жетісу ауданының МСАК мекемелерінің бас дәрігерлері, аудандық туберкулез бойынша үйлестіруші-дәрігер Г.Т.Ақбаева және СЭББ эпидемиологтары қатысты.
Жалпы Жетісу ауданында туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай байқалып, 2021 жылмен салыстырғанда туберкулезбен ауыру көрсеткіші 8 пайызға төмендеген. Туберкулез жағдайларының 80% өкпе туберкулезі және 20% өкпеден тыс туберкулез болды. 2022 жылы туберкулездің асқынған жағдайлары тіркелген жоқ, бұл ауруды анықтаудың жақсарғанын көрсетеді. Сонымен қатар, туберкулездің қайталану жағдайларының үлесі жоғары болып отыр – 28,6% (Алматыда – 22,1%). Алғаш рет анықталған туберкулез ауруына шалдыққан науқастардың 12,7%-ы қалада тіркелмеген адамдар, яғни ішкі және сыртқы көшіп-қонушылар. Туберкулезді дер кезінде анықтауға бағытталған іс-шаралар, туберкулезді емдеуге арналған дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, пациенттерге бағытталған технологияларды енгізу (бейне бақылау арқылы емдеу, үйде емдеу, жұмысқа және оқуға жіберу), амбулаторлық және ем тәртібін үзбей ем алып жатқан емделушілерге тұрақты әлеуметтік қолдау көрсету және осындай бірлесе отырып жүргізіліп жатқан кешенді шаралардың арқасында туберкулезді емдеудің жоғары тиімділігі байқалады. Мәселен, аудан бойынша сезімтал туберкулезді емдеудің тиімділігі 100% (ДДҰ стандарты бойынша – кемінде 85%) және дәріге төзімді туберкулезді емдеу тиімділігі 77% болды (ДДҰ стандарты бойынша – кемінде 75%).