Қазақстан Республикасының Конституциясы – еліміздің Ата Заңы, тәуелсіздігіміздің тірегі. Бұл күн – әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігін, денсаулығы мен амандығын қамтамасыз ететін басты құжаттың қабылданған күні. Конституция күні – жай ғана мереке емес, бұл – еліміздегі адамгершілік, әділет және бірлік принциптерінің салтанат құрған сәті.

Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасының тапсырысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру аясында «Алматы жас дәрігерлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі негізгі серіктес ұйым – Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының ШЖҚ «Фтизиопульмонология орталығы» КМК-мен бірлесіп, Конституция күні қарсаңында қайырымдылық акциясын өткізіп, туберкулезбен ауыратын 20 науқасқа сыйлық сертификаттарын табыстады. Бұл акцияның басты мақсаты – ауыр дертпен күресіп жатқан азаматтарға моральдық және материалдық қолдау көрсету, оларға жалғыз емес екендерін сезіндіру.

Қайырымдылық – адамның ең асыл қасиеттерінің бірі. Денсаулығы сыр берген, ұзақ ем алуға мәжбүр болған адамдар үшін жылы сөздің, кішкене көмектің өзі үлкен үміт береді. Акция аясында науқастарға психологиялық қолдау сабақтары ұйымдастырылды.

Бұл іс-шара тек көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар қоғамда туберкулез туралы түсінікті арттыру, оған деген стигманы азайту мақсатында да өткізілді. Өйткені әрбір адамның өмір сүруге, денсаулыққа және қамқорлыққа құқығы бар – бұл Конституцияда нақты көрсетілген.

Мұндай акциялар – ел бірлігінің, қоғамдағы мейірімділіктің және адам құқықтарының сақталуының айқын дәлелі. Конституция күні – тек заң мерекесі емес, сонымен бірге әр адамның қадір-қасиеті мен құқығын құрметтеудің нақты көрінісі болуы тиіс.

#Конституция күні #қайырымдылық акциясы #Фтизиопульмонология орталығы #НПО # Общественное объединение «Ассоциация молодых медиков Алматы» #ЦФ г.Алматы #госсоцзаказ #«Алматы жас дәрігерлер қауымдастығы» #профилактика ТБ

preview