Мегаполисте туберкулез бойынша тұрақты эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте Алматы қаласы Фтизиопульмонология орталығының директоры Жанар Сәпиева мәлім етті. Қала осы қауіпті аурудан болатын ауру мен өлімді азайту үшін белсенді жұмыс істейді. Соңғы 10 жылда айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілді: туберкулезбен сырқаттанушылық көрсеткіші 60,5% - ға, ал өлім - жітім 82,7% - ға төмендеді. Жыл сайын Алматы қаласында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық өткізіледі. Осы кезеңде қаланың Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы туберкулездің алдын алу мен емдеуді насихаттауға бағытталған іс - шаралар жоспарын бекітеді. Айлық 24 ақпан мен 24 наурыз аралығында өтеді және қоғамның назарын туберкулез проблемасына аударуға арналған. “Алматыда туберкулез бойынша көрсеткіштердің оң серпіні қала әкімдігі бекіткен «2023 - 2024 жылдарға арналған фтизиопульмонологиялық қызметті дамыту жөніндегі Жол картасына» сәйкес жүргізілетін жүйелі жұмыстың нәтижесі болып табылады. Бұл бағдарлама туберкулездің алдын алу, диагностикалау және емдеу бойынша көптеген шараларды қамтиды”, - деп атап өтті Ж. Сапиева. Спикердің мәліметінше, Алматыда туберкулез бойынша бүгінгі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және негізгі көрсеткіштер орташа республикалық көрсеткіштерден төмен. Өткен 2023 жылы туберкулездің 484 жаңа жағдайы тіркелді. Диспансерлік есепте 650 белсенді науқас тұр. Туберкулездің таралу көрсеткіші 3,1% - ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 28,3 - ті құрады. Балалар мен студент жастарға ерекше көңіл бөлінеді. 17 жасқа дейінгі балалар арасындағы сырқаттанушылық төмендеді, ал студенттер арасындағы сырқаттанушылық көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 17,4% - ға төмендеді. Туберкулезбен күресудің маңызды кезеңі - ауруды ерте анықтау және зертханалық диагностика жүргізу. Алматы қаласының фтизиопульмонология орталығында заманауи жабдықтармен жабдықталған бактериологиялық зертхана бар. 2022 жылы зертханада жаңа «Xpert MTB/XDR» аппараты орнатылды, ол туберкулезге қарсы препараттарға дәрілік сезімталдық тестін небәрі 90 минут ішінде жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ пациенттердің «G-xpert» молекулалық - генетикалық зерттеуіне тікелей емханалар деңгейінде қолжетімділігін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілді. Қаланың үш емханасында «G-xpert» аппараттары орнатылды. Туберкулезбен күресудің маңызды кезеңі - жоғары қауіпті адамдар арасында туберкулезге скрининг. Ересектер үшін кеуде органдарының флюорографиясы, ал балалар үшін Манту сынағы және туберкулез аллергеніне тест жасалады. “Осы іс - шаралар мен қол жеткізілген нәтижелердің барлығы Алматы қаласы өз тұрғындарының денсаулығына байыпты қамқорлық жасап, туберкулезбен белсенді күресіп жатқанын көрсетеді. Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне арналған айлық бәрімізге аурудың алдын алу, ерте анықтау және емдеудің маңыздылығын еске салады”, - деп қорытындылады Ж. Сапиева.