Алматы қалалық ДСБ ШЖҚ "Фтизопульмонология орталығың" КМК мамандары Жадыра Нащеева мен Гүлнара Алимова 2023 жылдың 3-сәуірінде орталықтың мамандарына «Қызылша» ауруы жөнінде семинар өткізді.
ҚЫЗЫЛША – кең таралған жіті инфекциялық, ең жұқпалы аурулардың бірі. Бұл инфекцияға шалдыққыштық 100%, яғни бұрын қызылшамен ауырмаған немесе қызылшаға қарсы екпе алмаған адам қызылшамен ауырған науқаспен қарым-қатынаста болса, ауру жұқтыру қаупі өте жоғары.
Қызылшамен көбінесе балалар ауырады.
Негізгі белгілері: ауру дене қызуының 38—40°C дейін көтерілуі, мұрын, көз, тамақ қабыну, теріде бөртпе пайда болу белгілерімен сипатталады. Бөртпе науқас адамның басынан бастап, төмен қарай бүкіл денеге таралады, ауыз қуысында ақ (ұнтақ жарманың жиналуы сияқты) және қызыл дақтар пайда болады.
Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулармен қауіпті. Бұл асқынулар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және қосымша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін.
Қызылшаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ.
Қызылшадан жалғыз тиімді қорғау вакцинация болып табылады. Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Вакцинациялау үшін қызылшаға қарсы қауіпсіз және тиімді вакцина қызамыққа және паротитке (ККП) қарсы компонентпен біріктіріледі. Елімізде ККП вакцинасының жеткілікті көлемі бар.
Ата-аналар балаларының қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеріп, вакцинация жасалмаған жағдайда қызылшаға қарсы профилактикалық екпе жасатқаны абзал.
Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік және бөртпе сияқты аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде дәрігерге барып, қызылша ауруына тексеруден өтіп, оның барлық нұсқауларын орындау қажет.
ҚР ДСМ және Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 14 наурыздағы “Қазақстан Республикасында қызылша жөніндегі
санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық
іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу туралы” № 1 Қаулысына сәйкес қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға шұғыл вакцинация және бұрын қызылшаға қарсы егілмеген 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлеріне ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін вакцинация жасалады.
Дәріс оқушылар осындай мәліметтермен бөлісе отырып, барлық қызметкерлерді жұмыс орнында, отбасында сақ болуға шақырды.
https://cf-almaty.kz/kz/zhanaly-tar/1487-g-lnara-alimova-2023-zhyldy-3-s-uirinde-ortaly-ty-mamandaryna-yzylsha-auruy-zh-ninde-seminar-tkizdi.html#sigFreeId459787ffdb