– Абзал Дүйсенбекұлы, Қазақстанда коронавирусты пневмониядан аурухананың өзінде көз жұмған науқас саны тым көбейіп кетті. Ал өзіңіз қызмет ететін орталықта емделіп жатқан науқастар арасындағы өлім-жітімнің төмендігін қандай себептермен түсіндіресіз?
– Оның бір себебі, өзіміздің бұрыннан өкпе ауруымен айналысатын ерекшелігімізге байланысты болса керек. Екіншіден, бұл дертке қарсы күресудің жолын іздеп ерте қамдандық. Бұл ауру шыққанда-ақ коронавирус туралы ақпарат жинауға көштік. Індет өршігенде өзіміз дайындала бастадық. Бірақ, шынымды айтайын, басында бұл ауру елімізге жетеді деп ойламадық. Тіпті дәрігерлердің арасында да скептицизм болды. Тіпті бізге осындай арнайы киімдер алдыру керек дегенімізге «бұларың қызық екен» дегендер де болды. Бұл өкпенің қабынуы ғана болса, одан адамдар соншама қырылмауы керек еді ғой деген оймен Италиядағы жағдайды, тағы басқа елдердегі оқиғаларды зерттедік. Ақпан айында Ухань сияқты қалалардағы студенттеріміздің жай-күйін бақыладық. Өздеріңізге белгілі, шетелден оралған отандастарды, Қазақстанға келген шетелдіктердің бәрін біздің ауруханаға орналастырды. Біз олардың ахуалдарын бақыладық, ауырғандарын емдедік. Бұл дәрігерлерімізге ауруды зерттеуге мүмкіндік берді. Дертті ерте анықтап, оны дер кезінде емдей алдық. Егер осылай жасамағанда бұл індет бізде көктемде-ақ өршіп кетер еді. Осылайша біз бірінші толқынды жеңдік деп толық сеніммен айта аламын. Сұрағыңызға тікелей келсек, наурыз айынан бері науқастарды бақылау барысында вирустың тек өкпені ғана емес, миды, бауыр, бүйректі, жүрек-қан тамыр жүйесін зақымдайтынын байқадық. Ауру неге өкпені ғана емес, басқа органдарға да таралады деген ойға қалдық. Ақырында бұл өкпеден бұрын, қан тамыр жүйесінің дерті болуы керек болжам жасадық. Бір ғана мысал айтайын: өкпеде альвеола дейтін оттегі алмасатын қапшықтар бар. Қалыпты бактериялық пневмония кезінде альвеоланың ішінде іріңдеу, қабыну процесі жүреді. Ал коронавирус кезінде мұндай процесс альвеоланың сыртында өтеді. «Қапшықтардың» арасындағы толып жатқан қан тамырлары оттегі жеткізіп, көмірқышқыл газын шығарып жатады. Эритроциттер қан тамырларға жабысып қалғандықтан, адамда ентігу пайда болады. Сол себепті де коронавируспен ауырған адам жөтелгенде одан қақырық шықпайды, құрғақ жөтел болады. Өйткені қабыну процессі альвеоланың сыртында жүреді. Яғни альвеола аман болғанымен, өкпеге оттегі жеткізу нашарлайды. Сол себепті біз бірінші кезекте қанды сұйылтуды қолға алдық. Әлем ғалымдарының көпшілігі де осы тұжырымға тоқтауда. Өйткені науқастардың бәрінің қандары қоюланып кетеді. Сондықтан қан құрамын тексере отырып, бірінші кезекте қан сұйылтатын ем-шара қолдандық. Өкпе қабынуына қарсы гормондар, қан айналымын жақсартатын коагулянттар бердік. Гормондар адамның иммунитетін төмендетеді, бірақ осындай емді ауыр халдегі науқастарға тағайындағанда, ол оң нәтиже көрсете бастады. Сөйтіп мына жағдайда мынандай антибиотиктер қосқан дұрыс, ал мына кезде қан сұйылтатын дәрілер пайдалану керек деп әр адамға жеке-жеке ем тәсілін әзірледік.
– Емдеу барысында денсаулық сақтау министрлігі бекіткен емдеу хаттамасына сүйендіңіздер ме, әлде өздеріңізге емдеу хаттамасын жасауға рұқсат берілді ме?
– Бізде министрлік бекіткен арнайы емдеу хаттамасы болды. Бірақ ол ауық-ауық өзгеріп отырды. Бүгінге дейін хаттаманың он мәрте өзгергенін білерсіздер. Неге? Себебі бұл – жаңа ауру. Оны әлемде бәрі енді зерттеп жатыр. Оның үстіне жансақтау бөліміндегі ауыр науқастарға олардағы аурудың белгілеріне, вирус штаммына, науқастың жағдайына, созылмалы ауруларына қарай дәрі тағайындауға тура келеді. Яғни жедел түрде консилиум жасап, шешім қабылдаймыз. Нәтижесінде көп ауыр науқастың өмірін сақтап қала алдық. Хаттаманың өзгеріп отырғанының себебі де сол, әр дәрігер жақсы нәтиже көрсеткен әдісімен бөлісіп отырады. Біз күнделікті сынама алып отырып, науқастың жағдайын жіті бақылау арқылы белгілі бір емдеу жүйесін қалыптастырдық. Бұл іске еліміздегі медицина саласына танымал профессорлар жұмылдырылды.
– Орталықтың емдеу тәсіліндегі өзіңіз жоғары бағалайтын тәжірибесімен бөліссеңіз?
– Бұл ауруды көп ғалымдар қан тамырының дерті дегенін айттым ғой. Осы жерде айта кетейін, Германия дәрігерлері коронавирустан емдеуде дексаметазонның пайдасы туралы маусым айында жарты әлемге жар салды. Ал біз оны о бастан-ақ емдеу шарасында қолданып отырдық. Яғни біздің медицинаның деңгейі еш төмен емес деп айта аламын. Коронавирусты өкпеден бұрын қан жүйесінің ауруы деп қарағанымыз емдеуде түбегейлі бетбұрыс жасады. Біз ең алдымен гормоналды терапияны қолдана бастадық. Өйткені антибиотик вирусты өлтірмейді. Бірақ, екінші жағынан бұл дерт өкпеде тұрып қалған кезде иммунитет төмендейді. Сол кезде ауадағы ауру тудыратын басқа бактериялар да әлсіреген ағзаға шабуыл жасайды. Осылайша вирусты-бактериялы пневмония пайда болады. Ал оны емдеуде арнайы антибиотиктер тобы тағайындалады. Ол әрине өкпенің зақымдалған жеріне, науқастың сынамаларына байланысты тағайындалуы керек. Сондықтан сынаманы көрмей, ағзаның жағдайын білмей жатып, антибиотиктерді тағайындауға қарсымыз.
– Демек, коронавирустан емдеуде ауру белгісін ерте анықтаудың, науқастан сынаманы жиі алудың маңызы тіпті артады дейсіз ғой?
– Сөзсіз! Вирус кезінде қан қоюланып қалады. Сол себепті адамның қай жерінде созылмалы ауру болса, сол жерге қанның жетуі баяулайды. Ал ауруды дер кезінде анықтау мен оның табиғатын, салдарын бақылау, әрине, тек жиі сынама алу арқылы мүмкін нәрсе.
– Сіздерде науқастарды қабылдау қалай жүреді. Бәрі неден басталады?
– Бізге негізінен жағдайы ауыр адамдар түседі. Провизорлық стационар дәрігерлері адамның коронавирусты пневмонияға шалдыққанын анықтаса, жағдайы орташа немесе ауыр болса, бірден бізге жолдайды. Аурухана аймағына жедел жәрдем көлігі ғана кіреді. Өзгелері тек арнайы рұқсат құжатпен ғана өтеді. «Жедел жәрдеммен» қанша науқас келе жатқанын біз біліп отырамыз, сәйкесінше, қажет дәрігер мен орын санын дайындаймыз. Ауыр жағдайдағы науқас болса, оттегі балоны әзір тұрады. Қабылдау бөлімінде науқастар жағдайына қарай сұрыпталады. Сол арада кімнің қай дәрігерге бекітілетіні шешіледі. Бір дәрігерге он науқастан артық бекітпейміз. Өйткені ол дәрігерге артық күш түседі, екінші жағынан дәрігер он науқасқа бір мезетте көмек бере алмайды. Ал емдеудегі басты алғышарт: жедел көмек бәріне бір мезетте көрсетілуі тиіс. «Әр қазақ менің жалғызым» дегендей әр науқас бізге қымбат. Бұл дертті емдеуде әр минут бағалы, ол тез өршиді.
– Аурухана жұмысы қалай ұйымдастырылған? Білуімше, сіздерде аурухана бұрыннан бірнеше аймаққа бөлінген. Әр аймақтың жұмыс тәртібі мен ерекшелігі қандай?
– Иә, біз өкпе ауруларын емдейтін мекеме болғандықтан, бізде аурухана бұрыннан бірнеше аймаққа бөлінген. Мәселен бізде лас аймақ бар. «Қызыл аймақ» десек те болады. Бұл аймаққа науқастарды қабылдайтын, оларды емдейтін бөлімдер кіреді. Сосын дәрігерлер демалатын, киімдерін ауыстыратын, ем-дом тарихын, есебін жазатын таза аймақ – «жасыл аймақ» бар. Жағдайы ауыр және орташа науқастарды бөлек жатқызамыз. Өйткені олардың ауру белгілері, ауру жағдайы, штаммдары бөлек. Ауыр жағдайдағы науқастар жататын бөлімше күшейтілген режимде істейді. Ондағы реаниматологтар мен медбикелердің саны да көбірек. Себебі әрқайсысы жеке көмекті қажет етеді. Сосын сауығып келе жатқан адамдар қайта ауырмауы үшін, оларды басқа науқастарға қоспаймыз. Емделіп шыққан адамның өзі ауруханадан бөлек арнайы есіктен шығады.
– Инфекциялық бақылауды осылай ұйымдастыру орталық қызметкерлерінің де қауіпсіздігін жоғары дәрежеде қамтамасыз етуге әсер етті ғой?
– Әрине. Біз бірінші кезекте дәрігерлердің ауырмағанына мән бердік. Өйткені олар – алғы шептегі жауынгерлер. Сол себепті дәрігерлер мен медбикелердің кіріп-шығатын есіктерін бөлек еттік. Қызметкерлер алты сағат сайын ауысады. Әр ауысым бір-бірімен арнайы киімсіз кездеспейді. Қызметкерлеріміз үйіне де бармайды. Олар үшін аурухана маңынан қонақүй дайындаттық. Әр алты сағат сайын арнайы автобуспен қонақүйге жібереміз. Қонақүйден бірінші кезекте жатын орынның жайлы болғанын және тамақтың жақсы болғанын талап еттік. Және ол жақта да инфекциялық бақылау орнаттық. Мәселен бір бөлімде істейтін төрт адам, қонақүйде де бір бөлмеде орналасады. Өзге бөлімдегілермен қонақүйде де араласуына рұқсат жоқ. Міне, осындай қауіпсіздік шараларының арқасында, құдайға шүкір, күні бүгінге дейін медицина қызметкерлерінен ешкім ауырған жоқ.
– Қазір қанша науқас емделуде? Сіздердегі жазылып шығу көрсеткіші қандай?
– Қазір бізде 250 дей науқас бар. Көбіне өкпесі 40-50 пайыздан жоғары дәрежеде зақымданған ауыр немесе орташа жағдайдағы науқастар емделеді. Бос орын пайда болса, біз бірден қаладағы ауруханаларға ескертіп отырамыз. Жалпы қазір күніне 10-15 адам емделіп, ауруынан айығып шығып жатыр. Кейде 20-30 адамды үйіне шығаратын кездеріміз болады. Орташа есеппен мұнда 10-15 күн жатады. Әрине, 1 ай көлемінде емделетін науқастар да бар. Осы күнге дейін қанша адамның жазылып шыққанын тап басып айта алмаймын. Есесіне, бізде расымен де науқастар арасындағы өлім-жітім Алматы қаласы бойынша ең төмен деңгейде екені даусыз.
– Осы тәжірибелеріңізді қалай таратып жатырсыздар?
– Арнайы әскери госпиталь ашылғанда, біз сол жерге барып, сондағы дәрігерлерге білгенімізді үйреттік. Олар әлі күнге кеңес алып тұрады. Өзіміз білмегенімізді профессорлардан сұраймыз. Одан бөлек қалада ашылған провизорлық стационарларда, ауруханаларда істейтін дәрігерлер қысқа мерзімге біліктілігін арттыруға орталығымызға келіп жатыр. Бір-бірімізге білгенімізді үйретсек қана індетті бірігіп жеңеміз. Бұл жағынан дәрігерлер арасындағы ауызбіршілік өте жақсы деп айта аламын. Қазір біз күні-түні тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз.
– Коронавирустың мутациясы туралы әңгіме көп. Тіпті «қазақ пневмониясы» туралы да сөз шықты. Біздегі індеттің күрт жайылуына оның өзгеріске ұшырағаны себепші болды ма?
– Кез келген ауруды дер кезінде, бастапқы кезеңінде емдесе, жақсы нәтиже болады. Карантин кезінде адамдар үйде отырды. Яғни, ел бойынша инфекциялық бақылауды қалыптастыра алдық. Карантин бітісімен, ауырғаны бар, ауырмаса да, ауру жұқтырғаны бар, бәрі бір-бірімен қоян-қолтық араласып кетті. Вирус адамнан адамға жұққан сайын күшейе береді. Байқасаңыздар, Еуропада, әсіресе, Италияда бұл індет күрт асқынып кетті. Неге? Өйткені итальяндар да қазақтар секілді сауықшыл, көпшіл, тойшыл, қонақжай халық. Біздегі аһуалдың күрт асқынуына карантин, тіпті қарапайым сақтық шараларын сақтамаудың себепкер болғанына өз басым сенімдімін.
– «Дәрігер ең алдымен адам жанын емдеуші» дейтін қанатты сөз бар. Бұған қатысты ойыңызды білгіміз келеді?
– Бұл – өте тамаша айтылған ой. Өйткені кез келген ауруда үрей, қорқыныш адамның екінші жауына айналады. Мен тіпті үрейді жеңсек, мына індетті жеңеміз дер едім. Сондықтан біз үнемі емделіп жатқан адамдардың көңіл-күйін көтеруге ұмтыламыз. Бірақ кейде науқастар «өзім қиналып отырғанда маған неге күлесің?» деп ренжиді. Егер біз де күңіреніп, түнеріп жүрсек, одан кімге жақсы болады? «Жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме халқымыз? Дәрігер науқасқа жақсы көңіл-күй сыйлауға міндетті. Науқастың көңілін, тіпті рухын көтеруді ойлауы керек. Мұны емдеу тәсілінің бірі десем де, артық емес. «Қорыққан қой қасқырды көрмей жатып өліп қалар» деген сөз бар. Сондықтан үрейге бой алдырмайық. Ол бізге еш жақсылық әпермейді.
– Сұхбатымызды қандай оймен тұжырғыңыз келеді?
– Бізге қазір бірлік керек. Шетелдегі әріптестермен жиі сөйлесіп тұрамыз. Оның ішінде шетелдің медицина саласында жүрген қазақ дәрігерлеріміз де өте көп. Солардың бірі, Түркияда істейтін қандасымыз былай дейді: «Түркияда халық дәрігерлердің төңірегінде топтасты, ұлт болып ұйысты. Солардың сөздеріне тоқтап, айтқандарын істеді. Осылайша, індетті ауыздықтай алды. Қазір Түркияда маска кимеген адамға ел көшеде жалаңаш жүрген жандай қарайтын болған. Қоғам жаппай дәрігерлерді қолдады».
Қиындықты ел болып еңсерудің тамаша үлгісі емес пе? Біз де жұдырықтай жұмылсақ, бірлігіміз бүтін болса, бұл індетті түбегейлі жеңіп шығатынымызға күмәнсіз сенемін!
Редакциядан: Фтизио-хирург Абзал Малбасқановпен арадағы сұхбатымыз бұдан да ауқымды шықты. Сондықтан маманның коронавирус туралы, ел ішінде кең тараған түрлі ем-дом шарасы жайлы тұшымды ойларын бөлек беруді ұйғардық. Ол сұхбатымызды алдағы уақытта оқи аласыздар.