Алматы қаласындағы «Фтизиопульмонология орталығы» инфекциялық бөлімінің меңгерушісі, фтизио-хирург Абзал Дүйсенбекұлы Малбасқановпен болған сұхбатты Nege.kz порталы кеше жариялаған. Науқастар арасындағы өлім-жітім саны ең төмен әрі күні бүгінге дейін дәрігерлері аурудан аман қалған орталықтың қызметкерімен арадағы сұхбатымыздың жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.
-
Сұхбаттың бірінші бөлімі: Абзал Малбасқанов, фтизио-хирург: Үрейді жеңсек, індетті де жеңеміз!
Неге қамсызбыз?
– Абзал Дүйсенбекұлы, сіз «бірінші толқынды жеңуімізге карантин жақсы көмектесті» дедіңіз. Соның себебін таратып кетсеңіз?
– Өйткені карантин кезінде біз ауырған адамдармен бірге олар байланыста болған адамдарды да оқшаулап, әрқайсысының жағдайын бақылауда ұстап отырдық. Мамыр айында карантин біткен соң, халық жаппай көшеге шығып кетті. Ол кезде қалай бақылауға болады? Оның үстіне елдің көбі көзбен көрмеген соң сенбеді. Тіпті бізде емделіп шыққан адамдардың өзіне «өтірік айтып жатырсыңдар» деп қарғап-сілегендер де болды. «Дәрігерлер жоғарының нұсқауымен бәрін қолдан жасап жатыр» дегенді де естідік. Содан кейін біздегі науқастар да ауырғаны жайлы жария қылғысы келмеді. Жалпы біз ауруымызды жасырғанды жақсы көретін халықпыз ғой. Атам қазақ «Ауруын жасырғанды өлім әшкерелейді» деп осындайға қаратып айтқан секілді. Сосын біз ауырсақ, дәрігерге қаралуға асықпайтын халықпыз. Көпке күйе жақпаймын, өзім де сол халықтың бір мүшесімін, ондай әдет өзімде де бар. «Салқын тиіп қалды» деп өзімізге диагноз қоямыз да, дәріханадан дәрі алып емделе береміз. Аурудың белгілерін емдейміз де, оның түпкі себебін жазуға ұмтылмаймыз. Сөйтіп ауруды созылмалы түрге айналдырып аламыз. Созылмалы ауруларға мән бермейтініміз тағы бар. «Жүрегім, бүйрегім бұрыннан ауырады» деп жүре береміз. Ал коронавирус – адам бойындағы барлық созылмалы дертін қоздырып, одан сайын асқындыратын қатерлі жау! Мысалға сусамыр дертіне шалдыққан адамды алайық. Бұл да көбіне жүре пайда болатын ауру түрі. Қант диабетін қазақтар неге «сусамыр» деп атаған. Өйткені сусамырға шалдыққан адам шөлдеп, сусап жүреді. Оның себебі ағзадан су тез кетіп қалады, салдарынан адамның қаны қоюланады. Ал коронавирустың бірінші кезекте қанды қойылтатыны белгілі. Міне, қант диабетіне шалдыққандар үшін коронавирустың аса қауіпті болатыны осыдан. Ондай науқастарға көбірек су ішу керек. Сұйықтықпен бірге ағзаның бар мүшесіне қанның баруы жақсарады.
Коронавируста ұйқы жоқ!
– Соңғы кезде әлеуметтік желілерде «түтін, спирт иіскеп, қойдың құйрық майын жеп коронавирустан жазылып кеткендердің» емделу тарихы кең тарауда. Дәрігер ретінде бұған не айтасыз?
– Бізге түсіп жатқандардың дені ауырып, үйінде 10-15 күн жатып қалған адамдар. Бәрінің айтатыны біреу: өз бетімен дәріханадан антибиотик алып ішкен, сосын интернеттен көрген, елден естіген халық емін жасаған. Адыраспан, арша иіскеген, әйтеуір халық емнің бәрін қолданған. Ешбірі көмектеспеген соң амалсыз ауруханаға жатқан. Бірақ кейде ауруы күрт асқынып, кеш болып кетуі мүмкін. Бұл жерде уақыт қымбат. Коронавирус тәулік бойы ұйықтамайды. Бұл дерттің адамды айналасы 3-4 күнде өлтіріп жіберетін түрлері де бар. Сондықтан тәулік бойы аңдитын жауды жеңуде бірінші кезекте уақыт қымбат. Екіншіден, жаңағыдай еш дәлелсіз ем-домнан аулақ болу керек! «Анау осыдан жазылыпты» деген сөзбен емделуге мүлде болмайды!
– Қаны қойылып қалған адамға, қантамырға холестерин болып жабысатын құйрық майды жеу қос қапталдан тиген соққы сияқты болмай ма?
– Әлбетте! Кәдімгі «Жығылғанға жұдырықтың» өзі. Науқастың жағдайын одан сайын ушықтыратын тәсіл бұл. Сосын дене қызуы көтерілген адамды қойдың майымен сылап емдейтін «емшілер» де бар. Терісінің тесіктері бітелген соң іштегі ыстық ағзадан шықпай, өкпеге түсіп кетпей ме? Осылай да пневмония болатындары бар.
Адырпаспанды түтіндетіп, одан қалса, неше түрлі заттардың буын иіскеп жататындар бар. Онсыз да дем ала алмай жатқан өкпеңізді одан сайын осылай тұншықтырсаңыз не болады? Мұндай ем түрлері жақсылыққа апармайды. Одан жазылып кеткендерді өз басым көрген емеспін. Сосын «арақ іш» деп ақыл айтатындар бар. Ал бұл ауру кезінде қанның қызыл түйіршіктері – эритроциттердің ішінде ферритин дейтін зат ыдырайды. Соның кесірінен өзара бөлек жүрген эритроциттер, керісінше, бір-біріне жабысады. Сосын ол жер ұйып қалады. Сөйтеді де, қылтамырлар бітеледі. Адам арақ ішкенде, ағзадағы судың бәрі буланып сыртқа шығып кететіні белгілі. Сөйтіп қандағы сұйық қоюланып қалады. Ал енді коронавирустан қан онсыз да қоюланып қалса, оның үстіне арақ ішсе, бұл екі есе соққы болмай ма?
– «Спирт иіскеп жазылдым» дейтіндер де бар ғой?
– «Спирт иіскеп жазылып кеттік» дегендерге айтарым: мәселен 100 адам коронавируспен ауырды дейік, оның 80-85 пайызында ауру жеңіл түрде, симптомсыз түрде өтеді. 15-20 пайызы орташа немесе ауыр жағдайда ауырады. Жеңіл түрімен ауырғандардың иммунитеті онсыз да күресіп, ағза біртіндеп айығып келе жатыр. Ол спиртсіз-ақ жазылуда. Бірақ адам оны аңғармайды да, жазылуыма спирт себепші болды деп ойлайды. Мұның дәлелденген еш негізі жоқ. Спирт иіскеп жазылып жатқан бірде-бір жағдайы орташа немесе ауыр науқас жоқ екенін баса айтқым келеді. Оның үстіне спирт иіскеймін деп мұрынның шырышты қабығын күйдіріп алуыңыз да мүмкін.
– Мұндай күмәнді ем-домның таралуы қаншалықты қауіпті?
– Ондай ешбір ғылыми негізі жоқ, дәлелі дәрменсіз ем шарасы түгілі, бір науқасқа қолданылған емдеу тәсілін өзгесіне тура солай жазып берудің өзі де қауіпті болуы мүмкін. Өйткені әр адамның ауруы, жағдайы, жасы, созылмалы ауруларының түрі әрқилы. Соған қарап әрқайсына арнайы ем-шара жасалады. Кейін ол науқас жазылып шыққан соң, ауырған танысына «маған пәлен дәрігер осындай ем ұсынғаннан тәуір болдым» деп тура өзінің емін ұсынады. Міне осыдан да аулақ болуымыз керек!
– Коронавирустан семіз қойдың сорпасымен емделудің «гастрономиялық» тәсілдері де кең тарауда. Жалпы ауру кезіндегі тамақтану туралы не айтасыз?
– Жалпы қазақ халқының қазіргі тамақтану салты дұрыс емес. Семіз малдың етін жеп аламыз да, артынан кока-кола ішіп жата қаламыз. Қозғалыс жоқ. Ал ет тағамдарын қорытуға ағза көп күш жұмсайды. Ауру кезінде сұйық ас ішу, тез сіңетін, құнарлы тағамдар, жеміс-жидек пен көкөніс жеу керек дейтіні де осы себептен. Ағза аурумен күресуі үшін оған салмақ салатын ауыр астан бас тарту керек. Дәрігерлер ұсынған диетаға мойынсұну маңызды!
ИВЛ коронавирусты емдеудің негізгі көзі емес
– Соңғы кездері елімізде қоғам белсенділері, елге жанашыр азаматтар ауруханаларға өкпені жасанды желдету аппараттарын, оттегі аппараттарын сатып алу науқанын бастады. Ел болып ақша жинап жатыр.Бұл аппараттар шынымен осы дертті емдеудің панацеясы ма?
– Өкпені жасанды желдету аппараты – бірінші кезекте тек кризисті, яғни адам аса ауыр халде жатқанда құтқаратын дүние. Біз адам өзі мүлде дем ала алмай қалған жағдайда ғана аппаратқа қосамыз. Аппарат бізге адамның өкпесін емдеуге, оны қайта іске қосуға қажет ем-шараларды қолдануға, уақыт ұтуға мүмкіндік береді. Науқасты аппаратқа алудың арнайы көрсеткіші бар. Біз әр адамға өздігінен дем алуына мүмкіндік беру керек деп санаймыз. Сондықтан адамды аппаратқа салуға асықпаймыз. Себебі адамның өзі дем алғанына, өзі тамақ ішкеніне ештеңе жетпейді. Адам өзі дем алғаны, қимылдағаны дұрыс. Себебі сол кезде қан жүре бастайды. Егер аппаратқа қоссақ, адам қозғалыссыз жатып қалуы мүмкін. Сондықтан аппаратқа адамды тек ұйықтатпау үшін аламыз. Және аппаратпен бірге оның өзіне гимнастика жасатамыз. Бұл жерде өкпені жасанды желдету аппаратына қатысты мынандай мәселені айтқым келеді. Бізде басында Италияда, Қытайда ИВЛ аппараттар жетіспеді деген жаңалық көп тарап кетті де, көпшіліктің көкейінде «ИВЛ – коронавирусты емдеудің негізгі көзі екен» деген ой қалыптасып қалды. Әрине бұл аппараттардың рөлін жоққа шығармаймын. Соның арқасында қаншама адам аман қалып жатыр. Бірақ одан да маңызды мәселе – ауруды ерте бастан, дер кезінде анықтау дер едім. Дер кезінде әрі дұрыс ем қабылдаса, адам аппаратқа түсетіндей халге жетпес еді.
Дәрі-дәрмек жетеді, бізге сабыр жетіспейді
– Елімізде коронавирус тағы бір «кесел» – дәрі-дәрмек тапшылығын тудырды. Бұл мәселе жайында не айтар едіңіз?
– Құзырлы орындар біздің орталықты барлық қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз еткендіктен ондай проблема туған жоқ. Осыған қатысты өз ойымды айтайын. Мысалы Алматыда коронавирусқа шалдыққан адамның саны мен оны емдейтін дәрінің көлемін есептесек, дәрі бәріне жетер еді. Бірақ олай болмады. Неге? Естеріңізде ме, көктемде карантин кезінде елдің бәрі жаппай дүкендерден дорбалап, арбалап азық-түлік тасыды. Сөйтіп дүкеннің қоры таусылып қалды. Олар тапсырыс беріп, тауар жеткізілгенше қысқа уақытта азық-түлік тапшылығы пайда болды. Дәл сондай жағдай дәріге қатысты қайталанды. Біреу үреймен, біреу басқа оймен дәріханадағы барлық дәріні сатып ала бастады. Емделуіне бір қорап жетсе де, он-жиырма қорабын бір-ақ сатып алды. Керегімен қоса, қажеті жоқ дәріні де талап әкетті. Дәріханалар жылдап сататын дәрісін он күнде сатып жіберді. Нәтижесінде дәрі қоймалары дәріхана тапсырыстарын жеткізуге үлгермей жатты. Екінші жағынан, дәрі тапшылығының пайда болуына алыпсатарлар кесірін тигізді. Ел басына күн туғанда біреудің қайғысынан ақша жасаудан арланбағандар қаншама?! Дәрі-дәрмек жетеді. Бізге сабыр жетіспейді. Бір бірімізге деген жанашырлық пен сыйластық қат болып тұр қазір. Сосын білім керек. Елден естіген ем-домды бас-көз демей қолдана беруіміздің себебі де сауатымыздың төмендігінен. Жақынымыздан бастап, жанымыздағы басқа жандарға да жылы қабақ танытсақ, ауызбіршілік пен адамгершілікті ұштастыра алсақ қана індетті жеңеміз. Бәріңізді соған шақырамын.
– Сұхбатыңызға рақмет!