Жер сілкінісіне әрдайым дайын болу қажет Алматы қаласы сейсмо - қауіпті аймақта орналасқан, сондықтан кез - келген уақытта аяқ астынан жер сілкінісі болуы мүмкін. Жер сілкінісінің жойқын күшінің әсерінен болатын апаттар көпшілікке мәлім. Жер сілкінісі кезінде үрейге бой алдырмай, өздеріне, жақындарына және ауруханадағы науқастарға көмек көрсетіп, жер сілкінісінің зардабын мүмкіндігінше азайту мақсатында Фтизиопульмонология орталығының азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бойынша инженері Махтаева Г.Б. 31 - қаңтар және 1 - ақпан күндері орталық мамандарымен «Жер сілкінісі кезіндегі іс - шаралар алгоритмі» атты семинар өткізіп, аппаттан сақтану бойынша дайындық жүргізді. Жер сілкінісі қашан болатыны белгісіз, сондықтан үнемі дайындық үстінде болу керек. Бірінші кезекте үйде, жұмыс орнында, қауіпсіз орындарды анықтап, белгілеп, біліп алу керек. Жер сілкінісінің бірінші дүмпуінен кейін қауіпсіз жерге тез және қысқа жолмен жүгіріп шығу керек. Әрине, жер сілкінісі кезінде ең қауіпсіз жер -ғимараттан алыс көше мен алаң. Лифтті пайдалануға тыйым салынады. Төменге баспалдақпен не өрт сатысымен түсу қажет. Егер де сіздер жоғарғы қабатта болсаңыздар, ғимарат ішіндегі қауіпсіз жерге жүгіруіңіз керек. Өздігімен жүре алмайтындарға қауіпсіз орынға шығуға көмек беру керек. Ғимарат ішіндегі қауіпсіз жерлер: негізгі ішкі тірек қабырғаның жаны, негізгі қабырғаның бұрышы, негізгі тіреуіштің жаны; үстелдің асты. Жер сілкінісі кезінде қажетті заттарды жинауға уақыт кетіруге болмайды. Сондықтан алдын ала «дабыл сөмкесін» дайындап, ыңғайлы жерге қойған жөн. Құжаттар мен ақша, банк карточкалары да ыңғайлы жерде тұруы керек. Жер сілкінген сәтте сіздің ой - әрекетіңіз бен іс - қимылыңызға 5 - 10 секунд қана уақытыңыз бар. Осы сәтте үрейге еркіндік беріп, абдырып - сасып қателессеңіз, арты бақытсыздыққа әкелуі ықтимал. Өзіңізді де, өзгелерді де үрейлендірмеңіз. Жер сілкінісі кезіндегі ең бастысы - үрейге бой алдырмай, сабырлы болу. Алдын ала іс - шараларға жаттығып, апаттан сақтану дайындығы дәрежесін жоғарлату керек; осылай ғана зілзала зардабын азайтуға болады.
View the embedded image gallery online at:
https://cf-almaty.kz/kz/zhanaly-tar/1659-zher-silkinisine-rdajym-dajyn-bolu.html#sigFreeIdb8b8d8ddb5
https://cf-almaty.kz/kz/zhanaly-tar/1659-zher-silkinisine-rdajym-dajyn-bolu.html#sigFreeIdb8b8d8ddb5