Евразия телеарнасында «Көреміз» бағдарламасының «Қарындас па, күң бе» атты шығарылымының кейіпкері болған екі қыздың біреуі туберкулез ауруына шалдықты деген желеумен үйден қуылып, аурудан жазылып кетсе де әлі күнге дейін күңнің күнін кешіп, қорада өмір сүріп жүргендерін көріп, түңіліп отырмыз. Бұл халыққа белгілі болып отырған жағдай. Ал белгісіз жағдайлар қаншама?! Туберкулезбен ауырып қалып, жұмыстан кетуге мәжбүр болғандар, тұрып жатқан пәтерлерінен қуылғандар, тіпті ажырасып кетіп жатқандар да бар. Осының бәрін тоқтатын уақыт жетті ғой!
Қоғамда туберкулезбен ауыратындарға деген теріс пікір білімсіздіктен туындап, қорқыныш пен мифтердің таралуына әкеледі: туберкулезбен ауыратындардың барлығы жұқпалы, туберкулез тұқым қуалайтын ауру, туберкулезбен ауыратындардың барлығын емдеу мүмкін емес, туберкулезбен тек кедейлер ғана ауырады, тағы да осы сияқтылар. Бұл тұжырымдардың барлығы шындыққа жанаспайды. Бірақ, сонымен бірге, олар туберкулезбен ауыратын науқастардың өмірінде өте маңызды рөл атқарады. Туберкулезбен ауыратын науқастарды стигмалау және кемсіту олардың достарынан, әріптестерінен, көршілерінен, тіпті жақын туыстарынан ауруын жасыруға алып келеді. Олардың ауруын жасыруы өте ауыр зардаптарға әкеледі - олар дәрігерге бармайды, сөйтіп ауру асқынған кезде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіліп, өлім аузында болады, кейде тіпті дәрігерлер де бұндай жағдайда оларға көмектесуге шарасыз болып, ауруын жасырамын деп қайтыс болып та кетеді. Немесе туберкулезден емделіп жүрген науқас диагнозын жасырамын деп, емін тастап кетеді. Бұл өз кезегінде аурудың ауыр түрлерінің дамуына және дәріге төзімділіктің пайда болуына әкеледі.
Туберкулез – ұялатын ауру емес, ауа арқылы таралатын жұқпалы ауру. Ауру уақытылы анықталып, емделмесе қоршаған адамдарға жұғуы мүмкін. Сондықтан да, керісінше, ауру белгілері бар адамдардың дәрігерге уақытылы қаралып, емделуіне қолдау көрсетуіміз керек. Көзі ашық, көкірегі ояу халық осыны түсініп, туберкулез ауруына деген көзқарасын өзгерткені абзал.
View the embedded image gallery online at:
https://cf-almaty.kz/kz/zhanaly-tar/1575-aryndas-pa-k-be-ba-darlamasy.html#sigFreeIdfd97fe807f
https://cf-almaty.kz/kz/zhanaly-tar/1575-aryndas-pa-k-be-ba-darlamasy.html#sigFreeIdfd97fe807f