Туберкулез – дүние жүзінде ең кең таралған және ең ежелгі жұқпалы аурулардың бірі. 1882 жылыдың 24-наурызында неміс ғалымы Роберт Кох туберкулез қоздырғышын ашқанын жариялады. Микроскоптың көмегімен қарағанда туберкулез ауруының қоздырғышы кішкентай таяқша тәріздес болып көрінеді, сондықтан оларды ұзақ уақыт бойы туберкулез таяқшасы немесе Кох таяқшасы деп атап келді. Р.Кох туберкулездің жұқпалы ауру екенін дәлелдеді. Туберкулез тұқым қуаламайды.
Жыл сайын 24-наурызда әлемде Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні аталып өтеді. Бұл шараның мақсаты - туберкулез мәселесі туралы хабардар етуді арттыру және осы аурудың жаһандық эпидемиясын тоқтату үшін күш-жігерді жұмылдыру. Өйткені, туберкулез осы күнге дейін әлемдегі ең қауіпті инфекциялардың бірі болып қала беруде. Жыл сайын Жер шарындағы тұрғындардың 1%-на ауру қоздырғышы, туберкулез микобактериясы, жұғады. Туберкулез микобактериясы жұққандардың ішінен иммунитеті төмендеген 5-10% ғана туберкулез ауыруына шалдығады. Осыған қарамастан, әлемде күн сайын 4100-ден астам адам туберкулезден қайтыс болады және 28 000-ға жуық адам осы алдын алуға және емдеуге болатын аурумен ауырады.
Туберкулез дегеніміз не?
Туберкулез – бұл негізінен өкпе және лимфа бездерінде ерекше қабыну өзгерістерінің пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру. Өкпеден басқа адамның барлық басқа ағзалары да (сүйектер, бүйректер, ми және ми қабықтары, тері, көз және басқа ағзалар) зақымдануы мүмкін.
Ауру жұқтырудың негізгі көзі – өкпе туберкулезінің ашық түрімен ауыратын, яғни сыртқы ортаға туберкулез микобактерияларын бөлетін адам. Науқас адам жөтелгенде, сөйлегенде, түшкіргенде сыртқы ортаға көзге көрінбейтін майда тамшыларымен бірге ауру қоздырғышы бөлініп шығып, айналасындағы адамдардың ағзасына тыныс алу жолдары арқылы енеді. Туберкулездің «ашық» түрімен ауыратын бір науқас жылына орташа есеппен 10-15 адамға ауру қоздырғышын жұқтыруы мүмкін. Сондықтанда туберкулездің алдын алудың негізгі жолдарының бірі - ауруға шалдыққан адамды уақытылы анықтап, емдеу.
Сонда оның айналасындағы басқа адамдарға ауруды жұқтыру қаупі азаяды. Туберкулез ауруының қандай да бір белгілері болса (екі аптадан астам уақыт бойы жөтелу, тез шаршағыштық, әлсіздік, дене салмағының төмендеуі, дене қызуының көтерілуі, түнгі тершеңдік, кеуде қуысындағы ауырсыну сезімі, қан түкіру сияқты), жедел түрде дәрігерге көрініп, дәрігер тағайындаған барлық тексеруден өтіңіз. Егер сіз туберкулезге шалдыққан науқаспен қарым–қатынаста болсаңыз, ол туралы тексеру барысында дәрігерге ескерту керек.
Келесі маңызды бір мәселе – жөтел «этикетін», яғни әдебін сақтау. Кез келген адам жөтелген немесе түшкірген кезде аузын және мұрнын майлықпен/қол орамалмен, қолының сыртқы жағымен жабуы керек. Туберкулез микобактериялары қоршаған ортада өте төзімді болады және жел тұрғанда, сыпыру кезінде шаң–тозаңмен бірге ауаға көтеріліп, адам ағзасына түсуі мүмкін. Осы себептен қақырықты да көрінген жерге түкірмеген жөн. Беталды қақырына беру сияқты жаман әдеттен құтылған дұрыс. Қоғамдық жерлерде айналадағы адамдарға ауа арқылы таралатын ауруларды жұқтыру қаупін азайту мақсатында жөтелі бар адамдар медициналық бетперде тағып жүргені абзал.
Туберкулез ауруының дамуына себепші болатын жағдайлар - дұрыс тамақтанбау, жиі салқын тиіп ауыру, стресс (күйзелу), наркомания, маскүнемдік, жүре біткен иммундық тапшылық (ВИЧ), созылмалы аурурлар (қант диабеті, өкпенің созылмалы аурулары сияқты). Себебі бұл жағдайлар адам ағзасының қорғаныс күштерін әлсіретіп, кез келген ауруға қарсы тұру қабілетін төмендетеді. Сондықтанда туберкулезден сақтану үшін салауатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден бас тартыңыз. Ағзаңызды сауықтырып, шынықтырыңыз. Таза ауада жиі серуендеп, үйіңізді және жұмыс орныңызды жиі желдетіп, ауасын тазартып отырыңыз.
Туберкулездің алдын алуға бағытталған арнайы шаралардың бірі - балаларға БЦЖ вакцинасын егу. Туберкулездің алдын алу шаралары перзентханада БЦЖ вакцинасын егуден басталады. Туберкулезге қарсы егілетін БЦЖ вакцинасы арнайы жасанды қоректі ортада өсірілген, ірі қара малда (сиырда) кездесетін туберкулез микобактерияларының әлсіз, тірі түрінен тұрады. БЦЖ вакцинасын егу арқылы бала ағзасында иммунитет, яғни туберкулезден қорғау қасиеті қалыптасады және балаларда туберкулездің өте ауыр түрлері менингит пен «жайылған» милиарлы туберкулездің дамуына кедергі жасайды. Вакцина егуден бас тарту туралы шешім қабылдай отырып, ата-ана өз баласының денсаулығына қауіп төндіреді. Балаңыздың дені сау болуына мүмкіндік беріңіз! Денсаулық балалық шақтан басталады!
Бүгінгі таңда елімізде туберкулезді анықтау үшін қолданылатын барлық заманауи әдістерге, емдеу үшін барлық дәрілерге тегін түрде қол жетімді. Ең бастысы – дәрігердің көмегіне уақытылы жүгініп, ауру анықталған жағдайда толық ем курсын үзбей қабылдау. Сонда ғана сіз өзіңіздің де, жақындарыңыздың да өміріне қауіп төндірмейсіз.
Туберкулез туралы санитарлық сауаттылығы жетілген халық қана елімізде сау ұрпақ өсіріп, олардың ұзақ ғұмыр кешу көрсеткішін жақсарта алады.
Біз туберкулезді жеңе аламыз!