Туберкулез ауруы - уақытылы анықталып, бақылаулы ем жүргізілсе, толығымен сауығып, емделетін ауру. Алайда, кейбір жағдайларда, ауру белгілері болса да, науқастар әртүрлі себептермен уақытылы дәрігердің көмегіне жүгініп, емханаға барып, қаралып, тексерілмейді. Тек қана жалпы жағдайы күрт нашарлаған кезде жедел жәрдем бригадасын шақырып, жедел түрде ауруханаға жатқызылып, сол жерде қарап-тексергенде туберкулез ауруы анықталып жатады. Сонымен қатар, басқа да жанама аурулар да анықталады. Осылай, жанасқан бірнеше ауруы бар адамдарда кеш анықталған туберкулез ауруы қоса анықталып, нәтижесі өліммен аяқталады. Кейде науқасты ауруханадан Фтизиопульмонология орталығына ауыстырып та үлгермейді. Әрбір өлім жағдайын тұрғылықты мекен - жайы бойынша емхана, Фтизиопульмонология орталығы, санитарлық эпидемиологиялық Басқарма, аурухана мамандары бірлесе отырып, жан - жақты талдау жүргізіп, өлімге әкелген себептерді анықтап, осындай жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс - шараларды жоспарлап, іске асырады. Осындай талдаулар Фтизиопульмонология орталығында жүргізіліп отырады. Өлім жағдайлары, негізінен, тұрғылықты мекен - жайы жоқ, нақты бір емханаға тіркелмеген немесе ЖИТС, маскүнемдік, нашақорлық, қант диабеті, бауыр циррозы, өкпе - жүрек жетіспеушілігі және басқа да қосымша аурулары бар науқастардың арасында жиі тіркеледі. Уақытылы анықталған туберкулез ауруы - толық емделеді. Сондықтан, туберкулез ауруына күдікті ауру белгілері бар болса, бірақ емханаларда тіркелмеген адам болса, Фтизиопульмонология орталығына келіп, фтизиатр - дәрігердің кеңесіне жүгінсе болады. Туберкулез ауруына қарап - тексеру, оны емдеу ТЕГІН түрде жүргізіледі. Ұлттық туберкулезбен күрес бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – ешбір отбасы туберкулез салдарынан жапа шекпеуі және ешкім туберкулез салдарынан қайтыс болмауы! Ауру белгілері болса, дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгініңіздер! Аман - есен болыңыздар!