QuantiFeron–TB Gold Plus - туберкулез инфекциясын анықтауға көмектесетін жоғары спецификалық және бақыланатын қан сынағы. Ағзаға туберкулез микобактериялары түскен жағдайда оларға қарсы Т - лимфоциттердің иммундық жауабы болады. Т - лимфоциттердің жауабы ретінде γ - интерферон бөлінеді. Квантиферон сынамасы арқылы осы γ-интерферон мөлшері есептеліп, ағазада туберкулез инфекциясы бар ма, жоқ па анықталады. Квантиферон сынамасының Манту сынамасынан айырмашылығы, бұл сынаманың нәтижелері алдыңғы БЦЖ вакцинациясына тәуелді емес және айтарлықтай аз жағдайда жалған оң нәтиже береді. Квантиферон сынамасын жүргізу үшін 4 квантиферон түтікшесіне (әрқайсысы 1 мл) қан үлгілерін алу қажет. Сынама нәтижесі 24 сағаттан кейін дайын болады және де пациенттің қайта келуін қажет етпейді. 2024 жылдың 24 - 26 қаңтары аралығында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау Басқармасының Фтизиопульмонология орталығында МСАК ұйымдарының емшара бөлмелерінің мейірбикелеріне және олардың дублерлеріне арналған семинар - тренинг өткізілді. Семинарды орталықтың жауапты мамандары Сембаева Г.Б. және Сүлеймен С.А. өткізді. Барлығы 65 мейірбике оқытылды. Семинарда туберкулез инфекциясын анықтайтын жаңа әдістердің бірі Квантиферон сынамасын (QuantiFeron – TB Gold Plus) жүргізу үшін қан үлгісін алу тәртібі мен оны зертханаға тасымалдау талаптары қарастырылды. 2023 жылдың соңында Жаһандық Қор жобасы аясында Фтиозиопульмонология орталығының зертханасы Квантиферон сынамасын жүргізуге қажетті жабдықпен және реактивтермен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда осы сынаманы жүргізуге рұқсат берілетін лицензия алу бойынша іс - шаралар жүргізілуде. Клиникалық тәжірибеге Квантиферон сынамасын енгізу туберкулез инфекциясын анықтауды жақсартуға мүмкіндік береді, бұл - туберкулезді жоюдағы тағы бір қадам.